Атырауда аудан әкімінің орынбасары пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Мақат аудандық соты аудан әкімінің бұрынғы орынбасарын 7 жылға бас бостандығынан айырды, ал әкімдіктің бөлім басшысы 35 млн теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау облысы Мақат аудандық соты Мақат ауданы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты үкім шығарды. Лауазымды тұлғалар мердігер ұйым басшысынан 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталған болатын. Экс-орынбасар Жақсылық Мүсепов ҚР ҚК 366-бабы, 1,2-тармақтары бойынша («Алдын-ала сөз байласу арқылы бір топ адам болып, бопсалау жолымен пара алу») кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға сотталды, мерзімін қауіпсіздік деңгейі орташа түзеу мекемесінде өтейді», - деді Атырау облыстық сотынан.

Сондай-ақ, аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы ҚР ҚК 366-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған алған парасының 70 есе көлемінде, яғни 35 млн теңге айыппұл салынды.

Еске салсақ, жыл басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері аталмыш шенеуніктерді ұстаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар