Атырауда аудан әкімдігі үй құрылысы бітпесе де, мердігерге 330 млн теңгені аударып жіберген

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тұрғын үй құрылысынан 330 млн теңгені жымқыру тәуекелі анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, мемлекеттік органдар басшыларының тарапынан тиісті бақылаудың болмауы әлеуметтік нысандар мен жол құрылысын мерзімінде тапсырмауға әкеліп соқтырады.

Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін формальды тәсілдер қолданылады.

Мәселен, Исатай ауданындағы шаруа қожалықтарының жетекшілерін малға арналған судың жетіспеушілігі алаңдатып отыр.

Мұнда 1966 жылы пайдалануға берілген Нарын каналын күрделі жөндеу қажеттігі өткір тұр.

Каналға күрделі жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат қажет. Бұл – әлеуметтік және жедел шешуді қажет ететін мәселенің бірі.

«Біздің департаменттің қызметкерлері Аққыстау ауылында 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысынан мемлекеттік бюджет қаражатын ұрлау қаупін анықтады. Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған құрылысы жұмысы туралы жалған актіге қол қойды. Демек, тапсырыс беруші төлем жасады. Ал, 3 тұрғын үй құрылысын жүргізу кезінде 330 млн теңгеден астам соманың жұмысы орындалмады. Тұрғын үйлер әлі пайдалануға берілмегендіктен облыс басшылығының атына хат жолданды. Нысандар пайдалануға берілгенге дейін біздің департаменттің бақылауында болады», -деді Ерлан Досанов.

Оның айтуына қарағанда, өңірдегі проблемалық мәселелер тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін төмендетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша соңғы орында тұрғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар