Атырауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 11 бала үй кезегіне қойылмаған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 11 баланың тұрғын үй кезегіне алынбағаны әшкере болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл факті Атырау қалалық прокуратурасы жүргізген тексеру кезінде анықталған.

«Прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының тиісті заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Заңнамада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйдің жалпы санының кемінде 20 пайызы бөлінетіні көзделген. Алайда, жергілікті уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен жетім және ата-ана қамқорлығына алынбаған 11 бала тұрғын кезегіне алынбағаны анықталды. Олар жасөспірімдер балалар үйінен шығарылған кезде заңға сәйкес тұрғын үйсіз қалуы мүмкін. Сол себептен, прокурорлық ден қою шараларынан соң 11 адам тиісті есепке алынды», -деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы мектептерінде сабақаралық үзіліс ұзақтығы негізсіз қысқарғанын хабарлаған едік.

Жылыой ауданының прокуратурасы жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығын реттейтін заңнаманың сақталуына талдау жүргізген.

«Аудан мектептерінде үзілістердің ұзақтығы негізсіз қысқарғаны анықталды. Бұл оқушылардың сабақтар арасында демалу құқығын шектеді. Прокурорлық ден қою шараларымен аудандық білім бөлімі 863 сынып үшін сабақ кестесін түзетті. Осылайша, аудандағы жалпы білім беретін 20 мектепте 18 481 оқушының құқығын қалпына келтірілді», -деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар