Атырауда әскерден сарбазды күткендер жүріп келе жатқан пойызға жармасқан

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әскерден сарбазды күтіп алуға жиналғандар қозғалыс үстіндегі пойызбен жарыса жүгірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, бұл оқиға 4 шілдеде Қызылқоға ауданындағы Сағыз стансасында болған.

Сағыз стансасындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Болатбек Іңірбайдың мәліметінше, жергілікті жастар әскерден оралған сарбазды күтіп алуға жиналған.



«Пойызбен жарыса жүгірген жастар аудан орталығынан, өзге елді мекендер мен округтегі 3 ауылдан келген. Олар пойыз тоқтағанша шыдамсыздық танытқан» - дейді Болатбек Іңірбай.

Оның айтуынша, Сағыз ауылының 18-19 жастағы екі тұрғыны вагон есігінің басқышына мініп алған. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 560-бабымен (Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында әскерден досын күтіп алған тағы бір жастарға жол қозғалысы ережесіне қайшы әрекеттері үшін айыппұл салынған болатын.


Соңғы жаңалықтар