Атырауда «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қалалық әкімдігінің ғимаратында «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа фронт-офистің ашылуына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.

Жаңа жобаны таныстырған Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, «Ашық әкімдік» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру мақсатында ашылған. Басты міндет – мемлекеттік орган мен халық арасындағы байланысты нығайту.

Атырау қалалық әкімдігінің бірінші қабатында орналасқан жаңа кеңсенің аумағы 328,9 м2 құрайды. Фронт-офисте қалалық әкімдіктің 5 маманы қызмет көрсетеді.

«Тұрғындар жер қатынастары мәселесі, әлеуметтік қамту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағытындағы мемлекететтік қызметтерді оңай алады. Өйткені, мұнда қалалық әкімдіктің жалпы бөлімінің мамандары қала әкімі мен орынбасарларының қабылдауына тіркейді. Мұнда қала әкімінің орынбасарлары мен бірнеше бөлім мамандары ашық үлгіде жұмыс істейді. Құжаттарды жинақтауды жеңілдету мақсатында халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да бар» -деді қала әкімі Қайрат Оразбаев.

Қала әкімінің айтуынша, «Ашық әкімдік» кеңсесін жасақтау қараша айында басталған. Бұрынғы кабинеттердің орнына әйнекпен бөлінген арнайы алаң жасалған. Мұндағы оперциялық залда күту залы бірге қарастырылған.

Фронт-офисте азаматтардың электронды үкімет көмегімен өзіне-өзі қызмет көрсету бөлмесі ашылған. Балаларға арналған ойын бұрышы мен кофе-рум келушілерге арналған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік аппараттың басты міндеті –азаматтарға қолжетімді қызмет көрсету екенін айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар