Атырауда аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сақтаған қарағандылық 10 жылға сотталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сақтаған қарағандылық 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, есірткі сақтаған күдікті биылғы қыркүйекте ұсталған.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қыркүйекте қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету, қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін жүргізілген жедел-профилактикалық шара кезінде есірткі, психотропты заттарды сақтаумен айналысқан Қарағанды облысы тумасының заңсыз әрекетін әшкереледі. Күдікті қылмыстық әрекетін іске асыру мақсатында 2021 жылдың қазан айында Атырау қаласына келген. Кейін қала аумағында есірткі мен психотроптық заттарды Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғадан сатып алып, екінші жерге жасырып жүрген. Оның тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде психотроптық заттарды орау материалдары, шыны құтылар, электрондық таразы мен түтікшелер табылып, тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қарағанда облысының тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткіге еліткен жүргізуші әйелдің сөмкесінен психотропты дәрілер табылғанын жазған болатынбыз.

Өзбекстан Республикасының азаматшасы көлікті есірткіге еліткен күйде жүргізген. Тексеру кезінде әйелдің қол сөмкесінен 34 дана психотроптық дәрі-дәрмек табылған. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар