Атырауда археологтар көне керуен сарайдың қалдықтарын тапты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда археологтар көне керуен сарай қалдықтарын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алтын Ордаға арналған ғылыми-практикалық конференция аясында экспедиция өтіп, оған ғалымдар мен археологтар қатысты.

Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылынан 15 шақырым жерден «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері биыл жүргізген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыраны, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталарды тапқан.

Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды.

«Осы жылдың маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыстар енді ғана басталды. Біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз», – дейді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы.

Ғалымдар көне керуен сарайы орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары тізіміне енгізуді ұсынды.



Соңғы жаңалықтар