Атырауда апатты жағдайдағы «Тұлпар» балалар лагерінің ғимараты бұзылады

None
Фото: atpress.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда апатты жағдайдағы «Тұлпар» балалар лагерінің ғимараты бұзылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының маңындағы Бесікті ауылында «Тұлпар» лагерi бар. Алғашында теміржолшылар үшін 1972 жылы демалыс орны ретінде ашылған.

Ал, 1991 жылы облыстық білім басқармасына берілген. Содан бері мұнда жазғы лагерь жұмыс істеді.

«Жазғы лагерь ғимаратына 2017-2018 жылдары күрделі жөндеу жүргізу туралы мәселе облыстық мәслихаттың сессиясына енгізілген еді. Жақында біз аталған лагерь ғимаратының жай-күйіне зерттеу жүргіздік. Соның қорытындысымен оны бұзып, жаңасын салу керек деген қорытындыға келдік. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың талқылауына енгізілетін болады. Жаңа ғимарат салуға қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінетіні жоспарланып отыр. Біз құрылыс жұмыстарын мүмкіндігінше тезірек бастауға ниеттіміз», -деп хабарлады облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Садуахасова.

Жайық өзенінің жағалауында орналасқан «Тұлпар» жазғы лагерінде спорттық алаңдар, суға жүзу бассейндері, түрлі үйірме жабдықтары болған. Мұнда 2019 жылы Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан соң 88 бала демалған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы 5 мектепті жөндеуден өткізуге 1,7 млрд теңге жұмсалатынын хабарлаған болатынбыз.

«Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін мектептің бәрі Атырау қаласында орналасқан. Бұлар – №19 Қ.Сәтпаев атындағы, №13 Д.Байбосынов атындағы және №27, 31, 27-мектептер. Бес мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 740 млн теңге бөлінді», -деп мәлім етті Гүлнар Садуахасова.


Соңғы жаңалықтар