Атырауда анасы далада қалдырып, жоғалтып алған балаларын полиция іздеп тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда полиция қызметкерлері анасы далада қалдырып кетіп жоғалтып алған екі кішкене баланы іздеп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«13 қаңтарда кешкі сағат 20.03 шамасында Атырау мұнай өңдеу зауытының күзетшісі 102 операторына қоңырау шалып, зауыт аумағында кәмелетке толмаған 2 баланың жоғалып кеткендігі туралы хабарлаған.

Полиция департаментінің жеке құрамы дереу балаларды іздеуге жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Кейін белгілі болғандай сағат 19.00-дер шамасында 3 баласын ерткен анасы зауыт тұсында таксиден түсіп, Тасқала ауылындағы үйіне жету үшін даламен тіке кеткен.
Алайда, кішкене балалар жүре алмаған соң 8 жасар ұлын ертіп, 9-дағы қызы мен 4-тегі ұлын батпақты жерге тастап кеткен. Қайтып оралғанда ол қалдырып кеткен балаларын таппай полиция көмегіне жүгінген.
«Сағат 23.20-да полицейлер балалардың шаршап, жыңғыл түбінде ұйықтап жатқан күйінде тапты. Олар дереу №1 қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Қатты тоңып, қорқып қалған балаларға жедел жәрдем шақыртылып, ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Полицияның анықтауынша, 38-дегі келіншек бұған дейін аналық міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, былтыр қараша айынан бастап жайсыз отбасылар тізіміне алынған.
Айта кету керек, наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес азаматшаның жеңіл дәрежедегі мастығы анықталды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта әйелдің әрекеті Кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысында қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар