Атырауда Алтын Орда жайлы театрландырылған қойылым сахналанды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Алтын Орда ұлысы жайлы театрландырылған қойылым сахналанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының ұжымы «Айбыны асқан Алтын Орда» атты әдеби-театрландырылған композициялық қойылымды ұсынды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Атырау өңірінде тағылымды іс-шаралармен айшықталып жатыр. Сондай іс-шараның бірі – тарихи-танымдық «Айбыны асқан Алтын Орда» қойылымы. Бұл ұлы далада ұлық ұлыстар құрып, әлемдік өркениетке үлес қосқан ұлы елдің мұрагері екенімізді сезіндірген ерекше қойылым болды. Өнердің құдыреттілігі де осында болса керек. Театр ұжымы тарихи жадыны жаңғыртатын, жұп-жұмыр өнер туындысын дайындады», - деді өңір әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, Жайық бойындағы Сарайшық – көне қала орны ғана емес, Алтын орданың саяси-экономикалық орталығы болған қасиетті мекен. Алдағы мақсат – Cарайшықты қалпына келтіріп, туризм орталығына айналдыру. Қазір сапар орталығының құрылысы басталды. Биыл Атырауда «Ұлық Ұлыс-Алтын Орда» халықаралық конференциясы өткенін де айта кетейік.

«Атырау өңірі – ежелден ел билеген хандардың, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешен, ақындардың, күйшілердің мәңгілік мекен тапқан жері. Ұлттық тарихты түгендеп, руханиятты жас буынға дәріптеу жұмыстарын арттырамыз. Өйткені, тарихын танымаған, тегін білмеген жұрттың тағылымды ұрпақ өсіріп, тегеуірінді мемлекет құруы екіталай. Бүгінгі шығарманың басты идеясы – Ұлы далада Ұлық мемлекеттер құрған бабалардың «Мәңгілік ел» болу арманы. Сол асқақ арманға бүгінгі ұрпағы жетті. Төрткүл дүние санасатын егемен елге айналдық», - деді облыс әкімі.

Атырау өңірінің басшысы театр ұжымына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ ҚР Президентінің Жарлығымен марапатталған өнертанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановқа «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін тапсырды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Әбілхайыр хан мен Бопай ханым туралы кітап таныстырылғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар