Атырауда алғаш рет алимент төлемеген адам қылмыстық жауапқа тартылып, сотталуы мүмкін

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 3,5 млн теңгенің алиментін төлемеген ер адамның ісі сотқа берілді. Оның тұрақты жұмысы болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әйгерім Сәбитқызының мәліметінше, ер адамның 6 жылдан бері төлемеген алименті 3,5 млн теңгеге жеткен.

«Жоғарғы соттың тиісті нормативтік қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді алимент төлемей жүрген азаматтар ҚР Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Атырау қаласында алимент төлеуден жалтарып, 3,5 млн теңге қарызы болған азаматтың ісі сотқа жолданды», -дейді Әйгерім Сәбитқызы.

Оның айтуынша, борышкердің тұрақты жұмысы бар. Бірақ, 6 жыл бойы алиментке берешегін төлемей келген.

«Енді істің ақ-қарасы сотта анықталады. Мұндай жағдай Атырау қаласында алғаш рет тіркеліп отыр. Себебі бұған дейін алиментке берешегін төлеуден бас тартып, жасырынып жүрген адамдар әкімшілік жазамен ғана құтылып келген», -деп мәлім етті Әйгерім Сәбитқызы.

Қазір Атырау қаласында алимент төлеуден жалтарып жүрген 153 ер адам бар. Олардың алимент бойынша төленбеген қарызы 195 млн теңгені құрайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 185 борышкер 290 млн теңгенің алиментін төлемей жүргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар