Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қосылған үстеме 76 пайызға жеткен

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қосылған үстеме 76 пайызға жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Идеал Маркет» (Идеал, Лидер дүкендері), «ТД Ярмарка», «Анвар» ЖШС-нің сауда желілерінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген үстемеақыны арттыруға қатысты бұзушылықтарды анықтады.

«Ұлттық экономика министрлігі бекіткен «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңына және шшкі сауда қағидаларына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ, «Ярмарка ТД» дүкендер желісінде тазартылған күрішке қосылған үстеме баға 21%-ды құрады. Ал, «Идеал Маркет» дүкендерінде ұнға, күнбағыс майына, тазартылған күрішке, тауық жұмыртқасына (І санатты), сондай-ақ, жеміс-көкөніс өнімдеріне қосылған үстеме 16%-дан 76%-ға дейін жеткен. Сондай-ақ, «Анвар» сауда желісінде тазартылған күріш, сары май, қарақұмық жармасына 17%-дан 23%-ға дейін үстеме қосылған» -деп хабарлады өңірлік департаменттен.

Анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат шаралар қабылдау үшін Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жіберілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда сауда желілері азық-түлік жеткізушілерден төлемдерді заңсыз талап еткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар