Атырауда адам ұрлау мен зорлауға қатысты қылмысты жасырған полицейлер сотталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда адам ұрлау мен зорлауға қатысты қылмысты жасырған полицейлер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін бұл іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Екі учаскелік полиция инспекторына Қылмыстық кодекстің 370-бабының 2-бөлігінің 1) тармағымен (Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк), жедел уәкіл мен тергеушіге 433-баптың 3-бөлігінің 1 және 2) тармағымен (Ааса ауыр қылмысты жасыруға не ауыр зардаптарға әкеп соққан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру) айып тағылған.

«Сот талқылау кезінде мынадай жайт анықталды. Жәбірленуші Д танысы У-дың өзін ұрлап, зорлап, үйіне заңсыз кіргені туралы полицияға арыз түсірген. Алайда, учаскелік полиция инспекторлары А мен К жәбірленуші Д.-ның арызын қарамай, оны жасырып, К жалған хаттама толтырған. Инспекторлар қылмысты ашуға ешқандай әрекет жасамай, өздерінің жұмыстарын жеңілдету мақсатында қызметтік әрекетсіздік танытқан. Жедел уәкіл Т және тергеуші Л жәбірленуші Д олардан көмек сұрап келгеніне қарамастан, оны ұрлап және зорлағаны бойынша шара қолданбай, жәбірленушінін алдап, ауыр санаттағы екі қылмысты тіркеуден қасақана жалтарған. Нәтижесінде У өзінің жазасыздығын сезініп, Д-ның денсаулығына ауыр зиян келуіне, ауыр зардаптың орын алуына жол берген», - деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, оның өкілінің, куәлердің айғақтарымен, сараптамалар қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелденді. Прокурор сотталушылар А мен К-ны өмір бойына, Т мен Л-ны бес жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан, арнайы атағынан айырып, барлығына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Ал, сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұраған.

Сот А мен К-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың асырауында жас балалары барын, сотталушы Л-ның шынайы өкінгенін ескерді. Сотталушы Т-да жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмады. Сотталушылардың қабылдаған антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.

«Сот үкімімен сотталушылар А мен К-ны өмір бойына, Т мен Л 5 жылға құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Л-ға - 3 жыл, А, К, Т-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар арнайы атақтарынан айырылды. «Рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, Т және Л-ға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының мерзімі үштен бір бөлігіне, яғни Т-ға 1 жыл 4 айға, Л-ға 1 жылға қысқартылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар