Атырауда Әбілхайыр хан мен Бопай ханым туралы кітап таныстырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Әбілхайыр хан мен Бопай ханым туралы кітап таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Бопай ханым: өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» тақырыбымен конференция өтті.

Конференцияда Әбілхайыр хан мен Бопай ханым туралы зерттеп жүрген тарихшы-ғалымдар мен өлкетанушылар Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің профессоры Лесқали Бердіғожин «Қазақ тарихындағы Әбілхайыр хан және оның ұрпақтары», «Сарайшық» республикалық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар «Бопай ананың қоғамдық саяси кезеңдегі қызметі», өлкетанушы, Атырау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев «Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұрпағы – Бөкей ханның тарихтағы орны», «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешова «Бопай ханымды туризм арқылы насихаттау жолдары» тақырыбында баяндама жасады.

Ел тарихында елеулі орны бар тұлғаларды зерттеушінің бірі – Ислам қажы Мырзабеков. Ол көп жылғы ізденісінің нәтижесінде «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабын жазған.

«Елінің азаттығы мен ұлт келешегі үшін қызмет еткен асылдарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Сондай асылдың қатарында Бопай ханым да бар. Бірақ, оның ел тарихындағы өнегелі ісін әлі толық тани алған жоқпыз. Ол – бекзат болмысты, адами қасиеті ерекше жан. Қайраткерлігі мен мәмілегерлік қыры зерттеу нысанасына айналғаны жөн. Есімін ел есінде мәңгі қалдыру үшін үлкен шаһарлардан көше атауын беру қажет», -дейді кітап авторы Ислам қажы Мырзабеков.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Исатай ауданында Тәуелсіздік монументі ашылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар