Атырауда Абайға ескерткіш қойылады
Ақын мерейтойына арналған шарада «Абай жаққан бір сәуле өшпеу үшін» атты әдеби-музыкалық театрландырылған қойылым сахналанды. Сахналық қойылымда Ұлжан ананың ұлы Абайды өмірге әкелген кезі мен әкесі Құнанбайдың халықтан сүйінші сұрағаны, Құнанбайдың ұлына Ибраһим деп есім беруі, сондай-ақ, ақын өмірінің жарқын сәттері көрсетілді.
«Абай – қазақтың ұлы тұлғасы. Абай – дана, Абай – дара. Сондықтан, Абайдың қара сөзі мен әрбір өлеңін қазақ халқының қазынасы деп білеміз. Халыққа керек ақыл-ойларын өскелең ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Атырау қаласында Абайдың ескерткіші орнатылатын болады», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, шара барысында Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» және басқа да әндері шырқалды.
Автор: Жолдасбек Көшербайұлы