Атырауда Абайдың 175 жылдығына орай республикалық айтыс өтіп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Абайдың 175 жылдығына орай «Қалың елім, қазағым!» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Айтыс Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақындар айтысы бүгін басталды. Айтысты облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар Одағының өңірлік филиалы ұйымдастырып отыр. Филиал директоры Қойшығұл Жылқышиевтың айтуынша, кестелі жырдан сөз өрілетін жыр додасына әр өңірден келген 24 ақын бақ сынауда.

Республикалық айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ақындарға сәттілік тіледі.

Белгілі ақын Жүрсін Ерман айтысты жүргізіп отыр. Ал, ақындар өнеріне баға беретін қазылар алқасының төрағасы – КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов.

Айтыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері ертең анықталады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Сарайшық» журналы жарыққа шыққанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар