Атырауда 900 оқушыға арналған өзгеше мектептің құрылысы басталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 900 оқушыға арналған өзгеше мектептің құрылысы басталды. Мектепте футбол, волейбол алаңымен бірге теннис корты болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жаңа білім ордасы Атырау қаласындағы Талқайран шағын ауданында бой көтереді. Мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деген еді. Біз осы міндеті жүзеге асыру үшін тағы бір жаңа білім ошағының іргетасын қаладық. Басты міндетіміз – құрылыс жұмыстарының мерзімінде сапалы атқарылуына қол жеткізу. Ел болашағы білімді ұрпақ қолында деген қағидаға сүйенсек, бұл іс – сол жолға жұмсалған инвестиция», -деді Серік Шәпкенов.

Жаңа мектептің құрылысы салу үшін 3 гектар жер телімі бөлінген. Мектеп үш блоктан тұрады. Бірінші блокта 1-4 сынып, екінші блокта 5-9 сынып, үшінші блокта 10-11 сынып оқушылары білім алатыны жоспарланған.

Білім ордасында 210 орындық акт залы, 312 орындық асхана, екі спортзал мен екі кітапхана, медициналық бекет болады. 25 оқушыға арналған 36 оқу кабинеті заманауи үлгіде жасақталады.

Мектептің сыртқы аумағы абаттандырылып, футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажер, теннис корты мен волейбол алаңы бар стадион салу жоспарланған. Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық сабағына арналған кеңістік жасалады. Мектеп автобусы мен жеке, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көліктері үшін автотұрақ ашылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын мажар инвесторы Атырауда күннен энергия алу жобасын ұсынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар