Атырауда 9 көпқабатты тұрғын үй бірнеше сағат жылусыз қалған

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін түнде Атыраудағы «Нұрсая» шағын ауданында 9 көпқабатты тұрғын үй бірнеше сағат жылусыз қалған. Оған жылу қазандығының істен шыққаны себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, бүгін түнде «Нұрсая» шағын ауданында жылу қазандығы істен шыққан. Сол себептен 9 көпқабатты үйдегі пәтерлерге жылу беру тоқтатылған. Жедел шаралар қабылданып, жылу беру таңға дейін қалпына келтірілген.

Бүгін, 6 желтоқсанда түске дейін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданындағы 46,48,54 және 53-үйдің тұрғындарымен кездесті. Бірнеше пәтерге кіріп, жылуды тексеріп шықты.

Әкім орынбасарының айтуынша, пәтерлердегі жылу желісінің технология бойынша қарастырылмаған кез келген өзгерісі бүкіл үйдің жылу жүйесіне кері әсер етеді. Қазір облыс орталығында орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі қалыпты жұмыс істейді. Алайда, тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің басшылығы жылу беру үшін диагностика жүргізбегені анықталған.

«Осыған байланысты «Нұрсая» шағын ауданындағы тұрғын үйлерге жылу беру мәселесін оң шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері енгізілді. Жұмыс тобы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтамасыз етілуін қадағалаумен айналысады» -деді Қайрат Нұртаев.

Атырау қалалық әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ақпаратына қарағанда, қазір Атырау жылу электр орталығынан барлық жылу пунктіне жылу нормативтік талаптарға сәйкес толық беріліп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда монополист ауыз су тарифін 100 пайызға көтеруді сұрап отырғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар