Атырауда 9 келіге жуық марихуана сақтаған күдікті ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 9 келіге жуық марихуана сақтаған күдікті ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті кептірілген марихуананы үйінде сақтап келген.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, есірткі заттарын сақтаған 1973 жылғы күдіктіні анықтады. Сот-сараптаманың қорытындысына сәйкес салмағы 206 полиэтилен қапқа салынған 8 келі 867 грамды құрайтын заттар кептірілген марихуана өсімдігі екендігі расталды. Күдікті ретінде облыс орталығының тұрғыны ұсталып, қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда браконьерлерден бекіре мен есірткі тәркіленгенін хабарлаған едік.

Үш күдіктінің біріне тиесілі көлік гаражынан алмағы 101 келі қара балық, 20 келі бекіре тұқымдас балықтар түрлері, 7 дана көлемінде есірткіге ұқсас заттар табылған. Тағы бірінің гаражынан 5 дана моторлы қайық пен тіркелмеген 16 калибрлі екі ұңғылы мылтық табылып, тәркіленген. Күдіктілердің жасы – 46, 41 және 38-де.

Ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен, 296-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар