Атырауда 8 дәріханаға айыппұл салынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 8 дәріханаға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс прокурорының өкімімен құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінен арнайы жұмыс тобы құрылған. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс тобы дәрілерді шекті бағасын қымбатқа сатқан 30 деректі анықтаған. Уәкілетті органмен 8 дәріхананың әрқайсысына 361 140 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Сонымен қатар, прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдары дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымына қатысты 6 деректі анықтады. Оның ішінде дәрі-дәрмекті жоғары бағамен үйден заңсыз сату және тиісті тіркеусіз сату бар. Тергеп-тексеру кезінде заңсыз айналымнан 7 500 препарат, 180 мың медициналық бетперде алынды» - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Заңсыз айналымнан алынған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар денсаулық сақтау ұйымдарына тарату үшін облыстық Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау халқының дәрі-дәрмек бағасына шағымынан кейін 50 дәріхана тексерілген еді.


Соңғы жаңалықтар