Атырауда 72 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Бүгін Атырау қаласында 72 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, осынша отбасы жаңа баспанаға көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – биыл Атырау қаласының іргесіндегі Береке шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен пайдалануға берілген төртінші үй. Жаңа пәтерлер жалға беріледі. Баспанаға кезекте тұрған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар ие болды», - дейді тұрғындар қуанышын бөліскен Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың бірі - Жанар Есениязова. Ол 2013 жылдан бері кезекте тұр. Бұған дейін пәтер жалдап келіпті.

«Енді қиындықтың бәрі артта қалды. Пәтер жалдауға қаржымыз жетпей, қиналушы едік. Бірнеше рет жалдамалы пәтер ауыстырдық. Енді өзіміздің баспанамыз бар. Әсіресе, балаларымның қуанышында шек жоқ», - дейді Жанар Есениязова.

Соңғы жаңалықтар