USD 434.34 EUR 491.93
RUB 5.56 CNY 68.67
Jańalyqtar

Атырауда 70 медицина қызметкеріне «Халық алғысы» медалі тапсырылды

2020 жылғы 7 қараша 14:51
Бөлісіңіз:
Атырауда 70 медицина қызметкеріне «Халық алғысы» медалі тапсырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус инфекциясымен күресте жұмыс істеген медицина саласының 70 қызметкеріне «Халық алғысы» медалі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

«Бұл індет тұтас әлем, Қазақстан үшін де үлкен сынақ болды. Сол сынақта медицина саласының, Қарулы Күштер, полиция қызметкерлерінің, еріктілердің ерлікке бергісіз күнделікті ісіне ел куә. Дәрігерлеріміз сырқаттарды емдеумен шектеліп қана қоймай, вирустың кең тарамауы үшін аянбай еңбек етті» -деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Оның айтуынша, өңірде 7 995 медицина қызметкері жұмыс істейді. Соның ішінен коронавирус инфекциясымен күреске 2480 қызметкер жұмылдырылды.

«Халық алғысы» медалі қауіпті індеттің бірінші толқынында алдыңғы шепте жұмыс істеп, қауіпті инфекциядан көз жұмған медицина қызметкерлеріне берілген. Уақытпен санаспай, әр науқастың өмірі үшін күрескен жоғары білімді дәрігердің бірі – Нариман Ақпанов. Елдегі эпидемиологиялық ахуал ушыққан тұста Нариман Ақпанов вирус жұқтырғандарды рентгенге түсірген. Алайда өзі коронавирус жұқтырып, қайтыс болды. «Халық алғысы» медалі марқұмның әйелі Дариға Мүслімоваға табысталды.

Ал Земфира Ерболатқызы – №2 облыстық ауруханада жұмыс істейтін орта буын қызметкері. Ол да үш ай бойы отбасына бармай, індет ошағында болды. Сөйтіп, өзі таңдаған мамандығына адалдығын танытып, халықтың денсаулығын сақтау жолындағы міндетін мінсіз атқарды. Қауіпті инфекция салдарынан қос өкпесі қысылып, дем жетпегендерге оттегі аппаратын қосып, мыңдаған азаматтың өмірін арашалап қалғанын мақтан тұтады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау бірқатар азамат пен журналистер «Халық алғысы» медалімен марапатталғанын хабарлаған болатынбыз.





Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бек Мұстафа

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059

MURAǴAT