Атырауда 7 адамнан тұратын қылмыстық топтың бес мәрте мал ұрлағаны дәлелденді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 7 адамның бес рет мал ұрлығына қатысқаны дәлелденген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мал ұрысы» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.

«Іс-шара кезінде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер мен ет өнімдерін сататын базарларды тексеру үшін 10 топ құрылды. Топ құрамындағы полицейлер мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 154 автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 75 орын мен 229 шаруа қожалығын тексерді. Соның нәтижесінде мал мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдауға қатысты 16 дерек анықталды. Ал, 12 адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 406-бабы, 1-бөлігінің 2-тармақшасына сәйкес 459 450 теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Шалғайдағы учаскелерді, қыстақтар мен шаруа қожалықтарын тексеру кезінде тіркелмеген «ИЖ-К» маркалы 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленіп, сараптамаға жолданды», -дейді криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Абай Жұмабаев.

Оның айтуынша, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мал ұрлығымен айналысқан 7 адам анықталған.

«Күдіктілердің бес мал ұрлығы қылмысына қатысқаны дәлелденді. Оның ішінде 2-еуі - өткен жылы, 3-еуі - бұрын жасалған қылмыстар. Сондай-ақ ұрланған 19 мал иелеріне қайтарылды. Мәселен, Құрманғазы ауданында мал ұрлаған 2 ұры ұсталды. Күдіктілер жайылымнан екі жылқы жасырын жымқырған. Содан кейін жылқыларды сатып, ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабының 2-бөлігімен іс-құжаттар жинақталып жатыр», -деп мәлім етті Абай Жұмабаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 30 жастағы жігіттен жарты келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар