Атырауда 63 жастағы әйел 11 жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚвзАқпарат – Атыраудағы түрмеден 63 жастағы әйел 11 жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Рабиға есімді әйел Тараз қаласында есірткі сатумен айналысқан. Оны полиция қызметкерлері героин сату кезінде ұстаған. Ал, сот үкімімен 15 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген. Сотталғаннан кейін жазасын Қазақстанның өзге түрмелерінде өтеп, кейін Атыраудағы УГ-157/11 мекемесіне ауыстырылған.

«Алайда, ҚР Қылмыстық-процессуалдық Кодексіне сәйкес жазасын өтеуші 2021 жылдың наурыз айында мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Оған қажетті құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетіліп, күтіп алуға туыстары шақырылды. Жазасын өтеу кезінде тәртіпті болып, құқық бұзушылықтармен көзге түскен жоқ. Ол туралы мәлімет Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД жіберілді» -дейді УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Медет Аджикулов.

Шартты түрде бостандыққа шыққан Рабиғаның айтуынша, Тараздағы үйіне оралып, туыстарымен кездесуді көздеп отыр. Содан кейін түрмеде болған кезде өмірден өткен туыстарының рухына құран бағыштамақ.

«Түрмеде өткен 11 жылда көп нәрсені жоғалттым. Жасаған қылмысыма өкінумен болдым. Қартайған кезімде немере-шөберемді ойнатудың орнына, қылмыс жасадым. Мекеме қызметкерлері мені тәрбиелеп, дұрыс жолға салды. Қалған өмірімді тыныш өткізгім келеді»,-дейді бостандыққа шыққан Рабиға.

Рабиға жасы ұлғайғандықтан жұмыс істемейді. Алайда оған қажетті көмектер көрсетілетін болады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау түрмелерінде сотталғандарға туыстарымен кездесуге рұқсат берілген болатын.


Соңғы жаңалықтар