Атырауда 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы «Балауса» шағынауданында 600 орынға есептелген жаңа орта мектептің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, үш қабатты мектептің құрылысы 2019 жылы басталған болатын. 3 гектар учаскеге жалпы ауданы 8478 шаршы метрді құрайтын ғимарат бой көтерді.

«Қазір нысанды теңгерім ұстаушыға беру үшін құжаттары дайындалып жатыр. Мектеп заманауи үлгіге сай салынған. Мұнда оқу кабинеттері интерактивті тақтамен, зертхана бөлмесімен жабдықталған. Мектеп асхана, спорт алаңы, жүгіру жолы, теннис, футбол, баскетбол алаңдары, балалар ойнайтын лабиринт, сырғанақ құрал-жабдықтарымен қамтылған», - дейді Нұрберген Құсайынов.


Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваның айтуына қарағанда, жаңа мектеп үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге оң ықпал етеді.

«Жаңа мектепте оқитын оқушылар дерегі 1-11 сыныптар бойынша алдын ала жинақталды. Сол мәліметке сәйкес «Балауса» шағынауданында тұратын 616 оқушы жаңа мектепке ауысады. Ашылғалы отырған №43 орта мектепке баратын оқушылардың көпшілігі бұған дейін М.Өтемісов атындағы білім ордасында оқыды. Мектепте үш ауысымға көшу қаупі болған. Жаңа мектеп пайдалануға берілген соң осы мәселені оң шешуге мүмкіндік туады», - деді Фаруза Шангереева.

Оның айтуынша, жаңа мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда 900 оқушыға арналған өзгеше мектептің құрылысы басталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар