Атырауда 520 инфекциялық кереует дайындалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеу үшін 520 кереует дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты деңгейде сақталуда. Алайда, соған қарамастан, басқарма тарапынан коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жоспары әзірленді.

«Қазір облыста коронавирус инфекциясынан емдеу үшін 520 инфекциялық кереует дайындалды. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық аясында облыста 2080 инфекциялық керует, оның ішінде 120 реанимациялық кереуетке дейін ашу мүмкіндігі бар. Яғни, инфекциялық стационарлар жаңа модульдік ауруханаларда, облыстағы ірі ауруханаларда, сондай-ақ барлық аудандық аурухана мен Теңіз кен орнында ашылатын болады» -дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуына қарағанда, қазір облыста 8 ПТР-тест зертханасы жұмыс істейді. Олардағы тестілеудің тәуліктік қуаттылығы – 3636. Ал, облыстың 224 жасанды тыныс алу аппаратымен қамтылған медициналық мекемелерге қосымша тағы 14 аппараттың жеткізілуі күтілуде.

Қазір облыстық перинаталдық орталықта орталықтандырылған оттегі станциясы бар. Енді 7 медициналық ұйымда оттегі станциясы орнатылып жатыр.

«Облыста қажетті дәрі-дәрмектердің, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы препараттардың 2 айлық қоры бар. Дәріханалар желісіндегі дәрілік заттардың төмендемейтін қорын қамтамасыз ету үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы тұрақтандыру қорына 684,5 млн теңгенің аса қажетті 40 түрлі дәрі-дәрмектер сатып алынды. Ал 620,1 млн теңгенің дәрілік заттары тұрақтандыру қорының қоймасында сақтаулы тұр. Сондай-ақ, 64,4 млн теңгенің дәрілік заттары облыстың 164 дәріханасына жеткізілді» -дейді Асхан Байдуәлиев.

Сондай-ақ, өңірге демеушілік көмекпен 251,2 млн теңгенің дәрілік заттардың 9 атауы бойынша дәрі-дәрмектер жеткізілен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында карантиндік шектеулер өзгерген еді.



Соңғы жаңалықтар