Атырауда 52 жастағы әйел тұңғыш сәбиін босанды
2022 жылғы 24 қаңтар 23:18

Атырауда 52 жастағы әйел тұңғыш сәбиін босанды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 52 жастағы әйел «Аңсаған сәби» жобасымен тұңғыш сәбиін босанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жүкті әйел сәбиін 19 қаңтарда дүниеге әкелген.

«Бұл жаста өмірге сәби әкелу оңай емес. Біздің пациент бұған дейін көп жыл емделсе де бала көтере алмаған. Содан соң «Аңсаған сәби» жобасымен бөлінген квотаға сәйкес, ЭКҰ арқылы бала көтерген. Облыстық перинаталдық орталықтың білікті дәрігерлері оған 19 қаңтарда ота жасалды. Өмірге салмағы 3 келі 70 грам, бойы 51 см сәби келді. Бұл – оның тұңғыш сәбиі. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы», -деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 84 сәбиге «Сүйінші» сыйқорабы табыс етілгенін жазған болатынбыз.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT