Атырауда 422 шақырым жолды жаңғыртуға 34 млрд теңге бөлінді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Биыл Атырау облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 422 шақырым жолды қайта жаңғыртуға 34 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, қайта жаңғыртылатын жобалар қатарына «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астрахан» бағытындағы жол құрылысы кіреді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған «Қандыағаш-Мақат» тасжолының 145 шақырымында қозғалысты жыл соңында ашу жоспарлануда.

Ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахан» (Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі) жол учаскесінде толық ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінге дейін жобаның 217 шақырым учаскесіне қатысты мердігерлік ұйымдармен келісімшарттарға қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалуда. Халықаралық автомагистральдің қалған 60 шақырымын жөндеу республикалық бюджеттен жүзеге асырылып, жыл соңында пайдалануға беру көзделіп отыр. Екі бағыттағы жол құрылысы жұмыстарына 600 адам, 382 арнайы техника тартылған. Сондай-ақ, жол құрылысына қажетті 300 кәсіби маманды дайындау жоспарлануда.

«Былтыр жергілікті 37 елді мекенде 230 шақырым жол жөнделді. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 9 млрд, ал жергілікті бюджеттен 30,2 млрд, барлығы 39,2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың жағдайы 57 пайызға жетті. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш 54% болатын.

Ал, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 87 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау» жолын қайта жаңғырту, сондай-ақ, «Ганюшкино-Приморье-Утеры» жолының 26 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы 2020 жылға жол құрылыс жұмыстарына 41,1 млрд. теңге бөлінген. Оның республикалық бюджет - 26,4 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, ал 14,7 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылды. Оған 180 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар қала және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 4500 адамды тарту көзделуде», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көлік инфрақұрылымы бағытындағы аталған жобаларды жүзеге асыру бағытында бекітілген меморандум бар. Соғна сәйкес, жылдың соңында жергілікті маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 61%-ға жеткізу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар