Атырауда 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда алдағы жылдары 42 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан жиында мәлім етті.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 22 сәуірде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралған кеңесте жеті бағыттан тұратын нақты міндеттер жүктелгенін атап өтті. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдауды тапсырғанын жеткізді.

«Жоспар аясында облысқа алдағы 5 жылда шамамен 9,5 трлн теңге, оның ішінде 8 трлн 600 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тарту қарастырылып отыр. Соның нәтижесінде 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Кешенді жоспарды іске асыру Атырау облысының дамуына қуатты серпін беріп, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді шешуге мүмкіндік береді»,- деді Махамбет Досмүхамбетов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы этно-мәдени бірлестіктер өкілдеріе 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

«Тәуелсіздік жылдарындағы сындарлы саясаттың нәтижесінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Еліміз 1 мамырда береке мен бірлікті, бейбітшілік пен ынтымақты мерекелеуді дәстүрге айналдырды. Еліміздің бірлігі нығая берсін»,- деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар