Атырауда 4 мың көшет отырғызылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс орталығын көгалдандыру жұмыстарына қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл күні қалаға жалпы саны 4000-ға жуық қараағаш, шегіршін, үйеңкі, шаған ағаштарының көшеті отырғызылды.

«Мұндай акцияны алғаш өткізіп тұрған жоқпыз. Бұл аймақтағы қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған міндеттердің бірі. Жергілікті жағдайға бейімделген ағаштар»,-деді облыс әкімі.

Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының маңына Елбасы тапсырмасымен жасыл белдеу құрылғанын білеміз. Еліміздегі барлық қалаларда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма бар. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында.

Облыс әкімі атап өткендей, мұндай шаралар адамдарды табиғатқа қамқорлықпен қарауға шақырады. Бастысы, акция тұрғындардан толық қолдау тапты.

«Түрлі пікірлерге қарамастан Атырауды жасыл қалаға айналдыруға болады. Бірақ бұл тұрғындардың араласуымен жүзеге асады. біздің климаттық жағдайымыз қаталдау, сонда да қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, экологияны жақсартатынымызға сенеміз. Соңғы жылдары отырғызылған көшеттер жақсы өсіп жатыр, бұл да облыс орталығының экологиясын жақсартуға ықпал етеді»,-деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, күзгі мезгілде Атырауға бұл акциядан бөлек тағы да 3 мың көшет отырғызылады. Биыл көктемде 2500-ден астам көшет отырғызылды.

Еске салсақ, биыл Атырау қаласын көгалдандыру бойынша жобаны «Каспийдормостострой» ЖШС жүзеге асырады. МЖӘ аясында компания облыс орталығын көгалдандыру, жасыл желектерді күту, су құбырын жөндеу, жалпы ұзындығы 147 км жаңа су құбыры желісін салу жұмыстарымен айналысады. Мекемемен келісім шарт бес жылға жасалған.

Компания осы уақыт аралығында 50000 ағаш отырғызып, жыл сайын 338 мың гүл, 3,5 мың дана тал егеді. 2023 жылы отырғызылған ағаштар саны 25 мыңға жетеді, оның екі мыңы жеміс ағаштары болады деген жоспар бар.

Соңғы жаңалықтар