Атырауда 4 күннен бері із-түзсіз кеткен 15 жасар бозбала аман-есен табылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында полицейлер 4 күн бұрын үйінен кетіп қалған 15 жасар жасөспірімді тауып, анасына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұрғыны 15 жасар ұлының үйінен шығып кетіп, оралмағанына 4 күн болғанын айтып арызданған.

Жоғалған жасөспірімді іздеуге аудандық полиция бөлімінің, округтердегі полиция бөлімшелерінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Кәмелетке толмаған баланы жан-жақты іздестіру үшін топ-топ болып бөлінген сақшылар аудандағы ауыл-селоларды, далалық жолдарды түгел қамтыған.

«Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны А.Сарсенғалиев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция майоры Б.Байжан, патрульдік полиция аға инспекторы, полиция капитаны Ж.Аманжолов, анықтаушы, полиция лейтенанты О.Еламан, жедел уәкіл, полиция капитаны Ш.Наурызғалиев баланы Миялыдан 4-5 км жердегі далада, ауылға апаратын жол бойынан тауып, анасына тапсырды» деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғалған жасөспірімнің анасы –1976 жылғы азаматшаның айтуынша, ұлының үйде жоғына алғашқыда қатты мән бермеген. Ұлын атасының үйіне кеткен болар деп ойлаған. Өйткені, жасөспірім бұрын да отбасындағыларға айтпастан, аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан Қарабау елді мекеніндегі атасының үйіне жиі кетіп жүрген.

«Бұл жолы да солай болар деп ойладым. Бірақ, Қарабаудағыларға телефон шалғанда, оның келмегенін білдім. Баруы мүмкін-ау деген болжаммен, барлық туған-туыстардан сұрастырып, төрт күн бойы іздедім. Амалым таусылған соң полицияның көмегіне жүгіндім» дейді 4 күннен кейін табылған жасөспірімнің анасы.

Ювеналды полиция тобының инспекторлары мен арнайы психолог-мамандар баламен сөйлесіп, дәрігерлер оның денсаулығын, дене жарақатының бар-жоғын тексерген. Ал, полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен түсіндіру жұмысын жүргізді.

Баланың өзінің айтуынша, үйінен шығарда жылы киімін, арқаға асатын сөмкесіне азық-түлік салып шыққан. Күндіз далада «серуендеп», түнде таныс достарының үйіне қонып жүрген.

Үйінен себепсіз кетіп, туыстарын да, өзге жұртты да әбігерге салған жасөспірімнің анасы Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне ұлын іздеуге жедел кірісіп, тауып бергені үшін алғыс айтты.


Соңғы жаңалықтар