Атырауда 3 адам полицияның жоғалған қаруларын әкеліп берді – Қамза Үмбетқалиев

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 3 адам жаппай тәртіпсіздік кезінде полицияның жоғалған 3 қаруын өз еркімен тапсырды. Ал бір адамнан полиция қызметкерінен тартып алынған Калашников автоматы тәркіленді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Қамза Бақтығалиұлы, Атырау облысында Төтенше жағдай кезінде қанша блокпост қойылды? Одан қанша көлік өтті?

– Президент Жарлығымен Атырау облысында төтенше жағдай режимі 5 қаңтарда жарияланған еді. Төтенше жағдай режимі 19 қаңтарға дейін күшінде болды. Осы кезеңде өңір аумағында түнгі сағат 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін коменданттық сағатқа байланысты тұрғындар мен көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Төтенше жағдай жарияланған күні Атырау қаласына 4 бағыттан кіретін жолға 4 блокпост, Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 1 блокпост қойылды. Аталған блокпостардан өткен 40 мыңнан астам автокөліктің жүргізушілері мен жолашушылары, жүк салғышы мен салоны жіті тексерілді. Сондай-ақ, Атырау қаласында Жайық өзенінің үстінен салынған 6 көпірдің екі жағалауында 12 пост орнатылды.

– Коменданттық сағат режимін бұзғандарға қандай жаза қолданылды?

– Төтенше жағдай кезінде облыстық Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Ал 5-19 қаңтар аралығында коменданттық сағат режимін бұзған адамдарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимін бұзу) 254 әкімшілік хаттама толтырылды. Соған сәйкес, 46 адам әкімшілік қамауға алынды. Ал 19 тұлғаға айыппұл салынып, 117 адамға ескерту берілді. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимінің талаптарын орындамауға байланысты 2 дерек анықталды. Бұған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 478-бабымен (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) хаттама толтырылды.

– Төтенше жағдай кезінде қандай қарулар тәркіленді?

– Төтенше жағдай кезінде жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде блокпостан өтпек болған көліктен 10-нан астам аңшы пышағы, Атырау қаласының аумағында 5 адамнан 896 таблетка түріндегі, 236 ампула түріндегі, 150 түтікке салынған уыттылық әсері жоғары психотроптық дәрілер мен 2 тапанша тәркіленді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бұзақының бірі – бұрын әсері жоғары психотропты дәрілерді заңсыз сатып алғаны үшін жауапқа тартылған 1997 жылы туған жігіттің үйін тінту кезінде әскерилердің оқ өткізбейтін үш бронды жилеті табылды. Ал жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталған 1991 жылы туған күдіктінің үйінен атыс қаруы табылды.

Сондай-ақ, 3 азамат өз еркімен қақтығыс кезінде полицияның жоғалған 3 қаруын (3-форд-500 м) тапсырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде 1 адамнан полиция қызметкерінен тартып алынған 1 Калашников автоматы тәркіленді. Ал 3 адам 20 оқ-дәріні өз екрімен әкеліп берді.

– Алкогольдік ішімдік сатқан дүкендер мен сауда орындары анықталды ма?

– Төтенше жағдай режимінің табалптарына сәйкес алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды. Алайда, бұл шектеуге қарамастан өңірде алкогольдік өнімдерді саудалаған 5 дерек тіркелді. Мәселен, 9 қаңтарда Атырау қаласындағы «Вокзал маңы» шағын ауданында орналасқан алкомаркеттердің бірінде 1980 жылғы азаматшаның алкогольдік өнімдерді сатқаны анықталды. Осыған байланысты алкомаркеттің иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодесінің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) әкімшілік хаттама жасақталды. Оған сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Алкоголь өнімдерін сату туралы заң талаптарын бұзған кәсіпкерлердің бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда төтенше жағдай кезінде 46 адам әкімшілік қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар