Атырауда 29 жастағы бойжеткен биіктіктен құлап, мерт болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 29 жастағы бойжеткен биіктіктен құлап, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 23 мамырда жергілікті уақытпен сағат 11:30 шамасында болған. Бұл деректі Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Атырау қаласындағы «Алмагүл» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан 1994 жылы туған азаматша құлаған. Бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Оның жүйке ауруларымен есепте тұрғаны анықталды», - деп мәлім етті Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазір полиция қызметкерлерінен құралған жедел топ аталған оқиғаға байланысты тергеуді бастады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 23 жастағы атыраулық он алтыншы қабаттан секіруге оқталғанын жазған болатынбыз. Бұл оқиға да Атырау қаласындағы «Алмагүл» шағынауданында тіркелген. Полицияға тұрғын үйдің 16-қабатынан белгісіз ер азаматтың секіргелі тұрғаны жөнінде хабар түскен.

«Оқиға орнына Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі Данабек Сақуов, қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанты Айдос Құбиев пен полиция лейтенанты Серік Жолдығалиұлы жедел жетті. Полицейлер жоғарғы қабатқа көтерілгенде, ер адам өзіне жақындамауын ескертіп, айғайлай бастаған. Жағдайды бағдарлаған полицейлер ер адаммен диалог құруға тырысқан. Олар ыңғайлы сәтте шапшаң қимылдап ер адамның арқасынан ұстап, балконға тартып кіргізген», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметінен.

Кейін 44 жастағы мас әйел көпірден секірмек болғанын жаздық.

Сондай-ақ 17 жастағы жасөспірім көпірден секіріп кеткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар