Атырауда 2800 адам жұмыссыз

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Жастар жылына орай биыл төртінші рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында жыл басынан бергі төртінші жәрмеңке өтті. 228 вакансияны 12 компания мен жеке ұйымдар ұсынды. Шараға жұмыссыз жүрген 350-ге жуық адам қатысты.

«Жыл басынан бері төрт жәрмеңке өткіздік. Алғашқы үшеуінде қалалық жұмыспен қамту орталығы 1 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып, 186 азамат тұрақты жұмыс тапты»,- дейді Атырау қалалық Жұмыспен қамту орталығының маманы Айдана Ғалиахметова.

Айта кетейік, жәрмеңкеге келгендердің арасында бұрын сотталған, өз мерзімін өтеген және пробациялық бақылауда жүрген азаматтар болды.

«Жәрмеңкеге қатысушы барлық тұрғындар белгілі бір тәртіппен түйіндемелерін тапсырды. Одан кейін әңгімелесуге шақырылып, оның қорытындысы бойынша жұмысқа орналасады», - дейді Айдана Ғалиахметова.

Бүгінде Атырау қаласының жұмыспен қамту орталығында 2800 жұмыссыз азамат есепте тұр. Олардың барлығы электрондық еңбек биржасында тіркелген. Онда жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын тұрақты түрде ұсынып отырады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығынан жұмыссыз азаматтар қайта оқыту курстарынан өтіп, қосымша мамандық ала алады.

Соңғы жаңалықтар