Атырауда 20-ға жуық адамның 3 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 20-ға жуық адамның 3 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталды. Күдікті оларға жалақысы жоғары жұмысқа орналастырып беруді уәде еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 жастағы тұрғын биылғы наурыздан бері 20-ға жуық адамды алдаған.

«Алаяқ қылмысты басқа адамның сеніміне кіру, алдау арқылы оның мүлкін, ақшасын жымқыру, не иелену арқылы жасайды. Олар аңғал адамдардың қызығушылығын тудырып, жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты қасиеттеріне бағыттайды. Әсіресе, жұмыссыз жүрген қарапайым тұрғындарды қыруар шығынға батырып кетеді. Осындай оңай олжаны кәсіп қылған атыраулық 32 жастағы алаяқ ұсталды. Күдікті адамдардың сеніміне кіріп, жалақысы жоғары жұмысқа орналастырып беруді уәде еткен. Сөйтіп, биылғы наурыз айынан бері 20-ға жуық адамды арбауына түсіріп, 3 млн теңгесін жымқырған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Полиция қызметкерлері тұрғындардан осындай алаяқтық қылмыстың құрбаны болмауы үшін сақ болуды ескертеді. Күдікті ұсыныстар болса, полицияға хабар беру сұралады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын алаяқ Атырау облысында әкім атынан хабарлама таратқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар