Атырауда 19 велосипед ұрлаған күдікті ұсталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 19 велосипед ұрлаған 29 жастағы күдікті ұсталды. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті бірнеше велосипедті ұрлап келген.

Ұсталған күдіктінің жасы – 29-да. Ол ұрлықты тек Атырау қаласында емес, облыстың бірнеше ауданында да жасағаны анықталып отыр.

«Осы кезге дейін күдікті жеке тұрғын үйлердің алдында, көпқабатты үйлердің кіреберіс дәлізінде тұрған 19 велосипедті қолды қылған. Оның қылмыстық әрекетін Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері әшкереледі. Мәселен, 25 шілде күні сағат 23:30 шамасында күдікті Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданында тұрған велосипедті жасырын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті «Вокзал маңы» шағын ауданынан ұсталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған ұрлық дерегіне байланысты күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеуді Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізіп жатыр.

Өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ұрлық жасаған деструктивті діни ағым өкілі 4 жылға сотталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар