Атырауда 17 жасар бозбаланы тепловоз қағып кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 17 жасар бозбаланы тепловоз қағып, ол жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау темір жол станциясындағы желілік полиция бөлімінің хабарлауынша, қайғылы оқиға кеше, 6 шілдеде сағат 17:00 шамасында болған.

Жергілікті колледждің студенті жолды қысқарту үшін «Қара депо» шағын ауданындағы теміржолды кесіп өтпек болған. Жасөспірімді «Ақжайық-Теңдік» теміржол өткелінде тепловоз қағып кетті. Машинистің айтуынша, теміржол бойында келе жатқан адамды байқаған. Алайда, тежегішті басқанымен, тепловозды тоқтатуға үлгермеген.

«Қазір аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабының 2-бөлігімен (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан темір жол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Қара депо» – Атырау қаласындағы шағын аудандардың бірі. Тұрғындар бірнеше жылдан бері теміржол үстінен өткел салу мәселесін қозғап келеді. Жергілікті әкімдік 3 жыл бұрын «Қара депо» мен «Химиктер» кенті аралығында жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы қолға алынатынын хабарлаған еді. Алайда, жоба іске асырылған жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жолаушылар пойызы мотоцикл мінген ер адамды қағып кеткені хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар