Атырауда 16 жасар жасөспірім адасып кеткенін айтып полицияны алдаған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 16 жасар жасөспірімнің адасқанын айтып, полицияға жалған хабар бергені анықталды. Баласының теріс әрекеті үшін анасына 84 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімнің мобильді байланыс телефонымен жалған хабар бергені анықталып отыр.

Кеше, 29 тамызда полицияның 102 байланыс нөміріне ер адамнан «Қамыстың арасында адасып кеттім. Көмек қажет» деген хабар түскен.

Кейін оның мобильді телефон нөмірі өшірулі болған.

«Осы дерекке байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері Дамбы ауылдық округі аумағындағы Пешной жарты аралында өскен қамыс арасында жедел іздестіру жұмысын жүргізді. Кейін бұл хабардың жалған екені анықталды. Сол себепті адасқан адамды іздеу тоқтатылды. Жалған хабарды Атырау қаласында тұратын 2006 жылғы жасөспірім берген», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған дерекке байланысты құзырлы полиция мен төтеншеліктерді алдаған жасөспірім анықталып, ата-анасымен бірге Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілді.

Жалған хабар берген жсөспірімнің 1981 жылғы анасына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылды.

Баласының теріс әрекеті үшін анасына 84 мың теңге айыппұл салынды.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық оқушы бір айда полицияға 4 мәрте жалған хабар бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар