Атырауда 16 жасар бозбала нөмірі жасырылған көлікті жүргізген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында мемлекеттік нөмірі медициналық маскамен жасырылған көлікті жүргізген 16 жастағы жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, патрульдік полиция қызметкерлері 4 қаңтарда Владимирский-Луговой көшелерінің қиылысында мемлекеттік нөмірі медициналық маскамен жасырылған «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан.

«Тексеру кезінде бұл көлікті 16 жасар жасөспірім жүргізгені анықталды. Жасөспірімге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 590-бабының 4-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Іс құжаттары сотқа жолданып, автокөлік айып тұрағына қойылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жасөспірімге аталған кодекстің 612-бабының 4-бөлімімен 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал, оның ата-анасына осы құжаттың 442-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында кәмелет жасына толмаған жасөспірім көлік жүргізгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар