Атырауда 150 мыңнан астам маска тегін таратылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімдігі 150 мыңнан астам масканы тегін таратады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл үшін демеушілер мен белсенді кәсіпкерлер тартылған. Атап айтқанда, «Мұнайсервис» ЖШС басшылығы 156 мың маскаға жететін 12 000 метр мата сатып алып берген. Бұл матадан бірнеше кәсіпорын («Sari Suppliers» ЖШС, «Safety Systems», «Mastertex», «Саңыраулар қоғамы ӨК», «ЭРТРИ» ЖШС) мен ерікті жастар масканы тегін тігуде. Бүгінге дейін 12 мың маска тігіліп, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне, алдыңғы шепте қызмет көрсетіп жүрген азаматтарға тегін таратыла бастады.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, облыс әкімдігі бұған дейін ірі компанияларды тартып, өңірдің медициналық қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдық алған. Ендігі кезекте әлеуметтік әлжуаз топтар мен алдыңғы шепте жүргендерді тегін маскамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табады.

Әкімдіктің тегін маска тігіп тарату шарасына атсалысқандардың бірі – 32 жұмысшысы бар «Master Tex Atyrau» ЖШС. Оның директоры Болатбек Төлеубектің айтуынша, кәсіпорын күн сайын 800 маскамен бірге облыстағы медицина қызметкерлеріне арналған комбинезон да тігіп жатыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қазіргі қиын кезеңде коронавирус инфекциясымен күреске көмектесуге шақырған болатын. Біздің кәсіпорында 20 тігінші тәулігіне 800-ге дейін маска тігеді. Бүгінге дейін 12 мың данадан астам маска дайындалды. Олар мұқтаж жандарға тегін таратылуда. Сонымен қатар, ауруханалардағы дәрігерлерге де бір реттік қорғаныш комбинезонын да тігеміз», - дейді Болатбек Төлеубек.

Маска еріктілер ұйымы мен әлеуметтік қамсыздандыру басқармалары мен бөлімдері арқылы таратылуда. Сонымен қатар, облыста жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен жекелеген азаматтардың тігіп, сатып жатқан маскаларына мониторинг жүргізілуде.

Шамамен күніне 25 мың маска тігіліп, сатылуда.


Соңғы жаңалықтар