Атырауда 12 жасар бала ойын-сауық орталығында биіктен құлап жарақаттанды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда балалар алаңында ойнап жүрген 12 жасар жеткіншек биіктен құлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға кеше, 28 наурызда «Атырау» сауда-ойын-сауық орталығында болған. Орталықтағы балалар алаңында ойнап жүрген 12 жасар жеткіншек биіктен құлап кеткен. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған.

«Ойнап жүрген бала абайсызда 5-6 метр биіктен құлаған. Ол сол аяғындағы тобық буыны тұсынан жабық жарақат алған. Балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жеткізілді», - деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері баланың денсаулығына медициналық тексеру жүргізген. Содан кейін ауруханаға жатқызудың қажеттілігі туындамағандықтан, бала үйіне жіберілген.

«Аталған дерекке қатысты баланың ата-анасынан ешқандай арыз түскен жоқ. Оқиғаға байланысты жинақталған іс құжаттары облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жолданды», - деп мәлім етті депаратменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында канал суына құлаған екі баланың бірі мерт болғанын жазған едік. Олар бір отбасының балалары болып шықты. Құрманғазы ауданының Бірлік ауылдық округінде тұратын бір отбасының ағалы-інілі екі баласы ойнап жүріп, абайсызда Щучье каналының шұңқырына құлап кеткен. Канал суына, алдымен 2016 жылғы інісі батқан. Оның құлағанын көрген 10 жасар ағасы құтқармақ болып, суға секірген.


Соңғы жаңалықтар