Атырауда 11 күн бұрын жоғалған жігітті іздестіру тоқтатылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 11 күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 30 жастағы жігітті іздеу тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласына таяу орналасқан Қайыршақты ауылынының тұрғыны, 30 жастағы Наурыз Әйтекешов 5 ақпан күні кешкі мезгілде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған болатын. Төрт күннен соң оны іздеуге тікұшақ жұмылдырылды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Самат Құмашевтің айтуынша, 15 ақпан күні кешке жоғалған жігітті іздеу тоқтатылды.

«Өкінішке қарай, іздестіру жұмыстарынан нәтиже болмады. Он күнде Жайық өзенінің екі жағалауындағы елді мекендер, оның ішінде қаланың аумағы, туристік базалар мен қыстаулар, саяжайлар тексерілді. Сондай-ақ, қараусыз қалған құрылыс нысандарына, құдықтар мен траншеяларға да барлау жасалды», - деді ол.

Оның мәліметінше, іздестіру жұмысына арнайы көліктер, тікұшақ, қызметтік иттері бар кинологтар тобы, еріктілер тартылған.


Соңғы жаңалықтар