Атырауда 11,3 млрд теңгеге спорт-интернат кешені салынады

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда спортшы балаларға арналған спорт интернаты салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, интернат құрылысына жер телімі бөлінген.

«Жаңа спорт интернатының құрылысы Атырау қаласындағы Нұрсая шағынауданында салынады. Құрылыс жұмыстары 2023-2025 жылдары жүргізіледі. Нысанның жалпы құны 11 млрд 34 млн 887 мың теңгені құрайды», - деп хабарлады басқармадан.

Жобаға сәйкес интернат 900 балаға есептелген.

Интернат құрылысында тұтас кешен жоспарланып отыр. Кешен аумағында 300 орындық оқу корпусы, 250 орынға есептелген жатақхана, 75 орындық қонақ үй салынады.

Сондай-ақ 1 мың көрерменге арналған спорт кешені бой көтереді.

«Бұл интернатта спорттың бірнеше түрін дамыту көзделген. Әсіресе, самбо, дзюдо, еркін күрес, бокс, футбол, волейбол, баскетбол секілді бұқаралық спорт түрлерін, сондай-ақ ұлттық күресті жандандыруға басымдық беріледі. Интернат іске қосылғанда 400 жаңа жұмыс орны ашылады», - деп мәлім етті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұдан бұрын Атыраулық дзюдошы қыздар Азия чемпионатынан бір алтын, бір күміс медаль алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар