Атырауда 10 бригада электр жарығын қалпына келтіруге күш салып жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласына іргелес елді мекендерде жарық сөнді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

4 қаңтарда Атырау қаласында толассыз қар жауды. Бұл қала мен оған іргелес орналасқан елді мекендерде жарықтың сөнуіне себеп болған.

«Толассыз жауған қар қаладағы және оған іргелес орналасқан елді мекендердің электр жүйесіне өз әсерін тигізді. Мәселен, 10/6/0,4кВ кернеудегі әуе жəне кабельді электр желілерінің өшуі магистралды 10/6кВ әуе электр желілері арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етілетін тұтынушылардың теңгеріміндегі техникалық күтімсіз тұрған 10/6/0,4кВ кернеудегі кешенді трансформаторлық стансалары мен 10/6кВ кернеудегі әуе электр желілерінде ақаулар табылды. Нақтырақ айтар болсақ, тұтынушылардың теңгеріміндегі кешенді трансформаторлық стансалардың 10/6кВ кернеудегі құрылымдарына еріген қардың суынан, полимерлі тірек оқшаулағыштарында тұйықталу орын алды. Бұл жарықтың апаттық жағдайда сөнуіне әкеліп соқтырды», -деп хабарлады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты тұрғындардың өтініштерін ескеріп, электр желілеріндегі апатты қалыпқа келтіруге «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлерінен құралған 10 бригада мен арнайы техника жұмылдырылған.

«Қазір Талғайран, Бесікті, Бірлік-2, Томарлы, Еркінқала, Ракуша елді мекендері мен «Өркен», «Атырау» шағын аудандарындағы көшелерде электр жүйелері қалыпқа келтіріліп жатыр», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында бірнеше қондырғының жұмысы 9 күнге тоқтайтынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар