Атырау зауытындағы апат мұнай тасымалына әсер еткен жоқ - Каспий құбыр консорциумы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 27 шілде күні Атырау мұнай өңдеу зауытында болған жағдай осы айдағы мұнай тасымалы кестесіне әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалында мұнай жөнелту жұмысын қалыпты режимде жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында компанияның ресми сайтынан мәлім болды.

Кеше Атырау облысында ауа райының қолайсыздығынан (жаңбыр, найзағай, дауыл) 220кВ электр желілерінің бірнеше мұнарасы құлаған еді. Салдарынан КҚК-ның Қазақстан аумағындағы бірнеше объектісі – «Құрманғазы» және «Исатай» мұнай айдау станциялары электрден ажыратылды.

Стансалардың негізгі жабдығы резервтік көздерден қуат алып жатыр, нысандарда төтенше жағдай қаупі жоқ. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдайда сорғы жабдықтарын іске қосу технологиялық себеппен мүмкін емес.

Қазіргі уақытта «КТК-К» АҚ жөндеу бригадалары мен Қазақстан Республикасының тиісті қызметтері технологиялық ақауды жөндеп жатыр.

Стансалардың қалыпты жұмыс режиміне оралуы туралы ақпарат қосымша хабарланады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөніп, қондырғылар тоқтатылғанын жазған болатынбыз.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Соның салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты болмады. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылды.

Кейін Атырау экологтары мұнай өңдеу зауыты маңында ауадан сынама алып жатқанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауытында 26 тонна бензин қоры бар. Бұл туралы зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар