Атырау тұрғынын талап тастаған алабай итінің иесі анықталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ер адамды талаған алабай тұқымдас иттің иесі анықталды. Оған әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырауда алабай ит ер адамды талап тастағанын жазған болатынбыз.

Оқиға Атырау қаласындағы Балауса шағынауданында болған. 14-көшедегі жол бойында бейқам тұрған ер адамды алабай тұқымдас ит талап тастаған.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, бұл оқиға туралы 102 нөміріне 18 қыркүйекте түнгі сағат 23:50 шамасында хабар түскен.

«Атырау тұрғыны Балауса шағынауданында белгісіз ер адамды ит талап тастағаны туралы хабарлады. Тұрғындар ит талаған ер адамды қолда бар қорғаныш заттардың көмегімен аман алып қалған. Полицейлер қабаған иттің иесін анықтады. Ол – 1965 жылғы азамат. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 407-2 бабының 1, 4-бөліктеріне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, зардап шеккен ер адамның жасы – 43-те.

«Зардап шеккен ер адам бүгін, 19 қыркүйекте түнгі сағат 01:41-де жедел жәрдем бригасының көлігімен облыстық аурухананың травматология бөліміне жеткізілді. Оған ит талады деген диагноз қойылды. Аяғы мен қолында көптеген жарақаты бар. Қазір жағдайы бірқалыпты», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.




Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар