Атырау тұрғыны қоқысты жер астында сақтау жобасын ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Берекелі бастау – қалалық бастама» бағдарламасы аясында Ақтау мен Атырау қаласының тұрғындары инфрақұрылымды жақсарту жөнінде 150-ден астам ұсыныс жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қала тұрғындары ұсынған жобалардың ішінде көлік жолдарын өзгертуден бастап, қала экологиясын жақсартуға дейінгі жобаларды атап өтуге болады. Мысалы, Атырау қаласында тұрғындардың бірі қоқысты жер астына жинау және уақытша сақтау шешімін ұсынды. Жерасты жинау жүйесі аумақтың эстетикалық көрінісін қамтамасыз етуге, шашыраңқы қоқыстардан арылуға мүмкіндік береді. Жерасты платформасының конструкциясы стандартты көлемнен анағұрлым көбірек – 7 тоннаға дейін қоқыс сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биогаз өндіру және аралас өндірістерді дамыту арқылы кәріздік сарқын суды қайта өңдеу бойынша да жоба ұсынылды. Біз урбанистикадағы тәсілдер әртүрлі екенін тағы да атап өтеміз, мұнда тек көлік, сәулет, экология мәселелері ғана емес, әлеуметтану мәселелері де қаралады», - деді Q88 урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, пилоттық қала ретінде таңдалған Атырау мен Ақтау қалаларының тұрғындарын су бұру, тұрғын үй-коммуникациялық шаруашылық, жаңғырту жұмыстары, қала көшелерін жаңғырту мәселелері де толғандырады.

Спорт алаңдарын, креативті кластерлер құру, БЖСМ, олимпиада резервін салу бастамалары да көтерілген.

4 мамырға дейін барлық жобалық шешімдерге дауыс жиналады, содан кейін қалалық әкімшіліктерге жүзеге асыруға жіберіледі.

«Ақтау және Атырау қалаларының тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Соңғы айда екі қаладан 11 мың пайдаланушы тіркелді. Жобалық ұсынысты талқылау барысында кәсіби сарапшылардан - 151 пікір, Ақтау бойынша – 89, Атырау бойынша – 62 ұсыныс келіп түсті», - деді Ерлан Әукенов.

Айта кетейік, жыл басында қалаларды сапалы жоспарлау Berekeli bastama платформасында талқыланатыны жарияланған еді.

Порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады.

Жобаларды мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, ең үздіктері дауыс беру үшін порталда жарияланады.


Соңғы жаңалықтар