Атырау тұрғыны қоқыс жәшігінен тауып алған нәрестені асырап алғысы келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау қаласы Нұрсая шағын ауданындағы қоқыс жәшігінен нәресте тауып алған Атырау тұрғыны оқиғаның мән-жайын баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Мой ГОРОД" порталына сілтеме жасап.

Нәрестені тауып алған Шаттық Нұрадинов 6 қараша күні шамамен 23:00-де кешкі астан кейін шылым тартуға шыққан. Оған бірнеше бала жүгіріп келіп, қоқыс контейнері жанынан біртүрлі дыбыстардың естілгенін айтқан.

«Қоқыс жаққа барғанымда мысықтың емес, кәдімгі жылап жатқан баланың дауысын естідім. Телефонымның жарығын түсіріп, қоқысқа арналған қалтадан сәбиді шығарып алдым. Оның үсті-басы қан-қан және кіндігі де кесілмеген еді. Дереу күртеме орап, әйеліме әкелдім. Әйелім баланы бауырына басып, жылытты», - дейді Нұрсая шағын ауданындағы 64-үйдің тұрғыны.

Осыдан кейін ер адам полиция мен жедел жәрдем қызметтерін шақырған. Дәрігерлер сәбидің жай-күйін тексеріп, кіндігін кесіп, ауруханаға алып кеткен.

Шаттық Нұрадиновтың отбасы Нұрсая шағынауданына 2013 жылы Мақат ауданынан көшіп келген. Өзі 1993 жылдан бері мұнай компаниясында оператор болып еңбек етеді.

Сондай-ақ, Ш.Нұрадинов - бес ұлдың әкесі. Оның тұңғышы колледжде және екінші ұлы - Алматыдағы спорттық мектепте білім алады. Тағы екі ұлы Нұрсая шағын ауданындағы 37 мектепте оқиды. Ең кенжесі әлі бір жасқа толмаған.

Осы орайда, бес ұлдың әкесі журналистерге өзі тауып алған қыз баланы асырап алғысы келетінін жеткізді.

«Бүгін әйелім екеуміз аурухана барып, шақалақты қолымызға алып, иіскелеп, қызықтап қайттық. Жаялықтар мен сүт апарып бердік. Енді үкімет пен халық көмектессе, сәбиді бес ұлымызға қарындас етіп, асырап алғымыз келеді», - деп ағынан жарылды ол. 

Еске сала кетсек, кеше Атырау қаласында қоқыс жәшігінің жанынан жаңа туған нәресте табылды және перинаталдық орталыққа жеткізілді. Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа туған қыз бала 6 қараша күні туған болуы мүмкін, оның салмағы 3 келі 56 грамм. Аталған істі тергеумен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекция мен криминалды полиция қызметкерлері айналысып жатыр.

Әзірге көкек ананың аты-жөні анықталған жоқ.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы бір қалыпты екенін мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар