Атырау тұрғыны киік мүйіздері мен аңшы мылтығын заңсыз сақтап келген

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұрғыны 18 киік мүйізі мен аңшы мылтығын заңсыз сақтап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, заңсыз іспен айналысқан тұрғын Құрманғазы ауданында тұрады.

«Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп, заңға қайшы әрекетпен айналысып жүрген жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікке ілінген 1998 жылғы тұрғынның 18 киік мүйізін, 16 калибрлі «ИЖ» мылтығын және 7 дана оқ-дәріні заңсыз сақтағаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексі 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-прцестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрғынынан 8 киіктің мүйізі тәркіленгенін жазған едік. Индер ауданы Сыралы учаскесіндегі қыстақтан киікке ұқсас жануардың 8 дана мүйізі тәркіленді. Күдікті ретінде 1958 жылғы тұрғын ұсталды. Оның Өрлік ауылында тұратыны анықталған.

Кейін Атырауда тұрғын үйден 2,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі тәркіленді. Атырау қаласының «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен жалпы салмағы 500 келіден асатын 2 421 дана ақбөкен мүйізі табылды. Осыған байланысты 1991, 1987 және 1986 жылғы күдіктілер анықталып, ұсталды. Келтірілген залал құны 6 млрд 264 млн теңгеден асады.


Соңғы жаңалықтар