Атырау тұрғыны 3 келіден астам бекіре уылдырығымен ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны 3 келіден астам бекіре тұқымдас балықтың уылдырығымен ұсталды. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бекіре уылдырығын заңсыз сақтаған тұрғын Қараөзек ауылында ұсталған.

«Бекіре тұқымдас бағалы балықтар қорына заңсыз қол сұғушылыққа қарсы «Бекіре – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қалалық полиция басқармасы мен №1 қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері 34 жастағы тұрғынды ұстады. Одан бағалы бекіре тұқымдас балықтың 3 келіден астам уылдырығы тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Бұдан бұрын Атырауда браконьерлерге қатысты 144 іс сотқа жолданған еді. Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Темірхан Оңайбаевтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда балық қорғау заңнамасы талабын бұзудың 1 165 фактісі анықталған.

Осыған байланысты 649 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Ал 505 хаттамаға қатысты іс аумақтық уәкілетті органда қаралса, 144 іс әкімшілік сотқа жолданды.



Фото: polisia.kz







Соңғы жаңалықтар